Ақтауда жекеменшік мектеп-балабақша иелері білім ошақтарының толық ашылуын сұрайды. Өйткені, әбден шығынға батып, карантиннің зардабын тартып отырмыз дейді.
180 балаға лайықталған оқу ордасының басшылығы қаулы бойынша тек 1 сыныпты оқытып отырғандықтан ұстаздарға жалақы бере алмай қиналғанын айтады. Еліміздің бас санитар дәрігері 300 оқушыға дейін білім алуға рұқсат еткенде жергілікті эпидемиологтардың шектеуін түсіне алмай отырмыз дейді.
Лариса ГУРЬЕВА, жекеменшік мектеп-балабақша құрылтайшысы
Біздің облыста жағдай тұрақты, індет қалыпты жағдайда болғанына қарамастан карантин талаптары жеңілдемей тұр. Онлайн сабақтарға оқушылардың біразы қатыспай жүйкеге салмақ түсіруде. Бізде бала саны 300-ге жетпейді. Тек қана бастауыш сыныптарды оқытамыз. Бұл талаптар бізге жасалған қысым деп ойлаймыз.
Мәселе кәсіпкерлер палатасында көтерілді. Жиналған кәсіпкерлер көкейдегі сауалды қалалық бас санитарға тіке қойды.
Әсем ЖАРЫЛҒАСОВА, Ақтау қаласының бас санитарлық дәрігері
Жекеменшік мектеп-балабақшаларды толық ашу туралы мәселеге нүктені тек облыстық штаб қояды. Біз штабпен кеңесе отырып қаулыға өзгеріс енгізе аламыз. 300 баладан аспаса білімді жалғастыру туралы талап бар, бірақ бұл тек 1-сыныпқа ма, әлде тұтас мектепке қатысты ма ол жағдайға қарай реттеледі. Басты талап- тамақтану орындары сәйкес келуі керек. Карантинді жеңілдету жағын қарастырамыз.
Сәуле САЛИХОВА , облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы
Бірнеше тарапты бір үстел басына жинап, мәселені оң шешуге талаптандық. Республикалық пен облыстық санитарлық дәрігерлердің қаулылары қайшы келеді. Соны реттеуді сұрадық. Енді облыстық штабқа жағдайды реттеуді сұрап жүгінетін боламыз. Олай етпесек, білім саласы тығырыққа тіреліп тұр.
Бұл мәселе шешілсе, Маңғыстау облысындғыа жекеменшік 7 мектеп пен 170 балабақшаның жұмысы жанданар еді. Бірақ сақтық шараларын қатаң сақтау міндетті.