Қаракөлге ұшып келген бір топ қоқиқазды ақтаулық Азамат Сәрсенбаев кездейсоқ түсіріп алған. Ол әдемі көріністі әлеуметтік желіге жүктейді. Осылайша, қызыл кітапқа енгізілген Маңғыстау өлкесінің символдары күллі әлемге танылады.
Дүниежүзіндегі белді басылымдар автордың туындысына құда түсіп, әлемге паш ету үшін рұқсат алған. Автор бас пайдасын ойламады. Туындыны тегін берді. Шетелдік БАҚ өкілдеріне міндетті түрде «Ақтау» деген жазуы болуы тиіс деген талап қойған.
Азамат СӘРСЕНБАЕВ, туынды авторы
Маған халықаралық ақпарат агенттіктері хабарласты. Әрісі – Америка, берісі – Жапонияның телеканалдары қызығушылық танытты. Желіде жариялағысы келетіндерін айтты. Бір апта өтсе де, әлгі видео әлі күнге дейін жер шарын аралап жүр.
Алайда жергілікті табиғат қорғау инспекторлары қанаттыларды дронмен түсіргені үшін Азаматты әкімшілік жауапкершілкке тартуды көздеген. Өйткені, қоқиқаздар тұрақтайтын мекен қорықтың аумағына тиесілі болғандықтан, солардың жіті бақылауында. Мамандар Азаматты бір жолға тек ауызша ескертумен шектеді. Ал автордың бұған қатысты өз уәжі бар.
Азамат СӘРСЕНБАЕВ, туынды авторы
Қаракөлде қорық бар дейді. Қоршалған орта мемлекеттің қорғауында екен. Нақ солай болса, жазуы бар тақтайшалар ілініп, ескертпе берілуі керек деп ойлаймын. Дронмен түсіруге болмайтыны немесе қызыл кітапқа енген құстар бар екенін алдын ала хабарлау керек деп білемін. Бір де бір хабарлама көрген жоқпын. Егер қандай да болмасын, ескертуі бар тақтайшаны көзім шалса, ережеге бағынып, түсірмейтін едім.
Жалпы, ғалам бойынша қоқиқаздың бірнеше түрі бар. Екі түрі қазақ елін мекендейді. Соның бірі Қаракөлге уақытша қонақтап, тынығып алған соң, одан әрі басқа мемлекеттегі жылы өңірлерге ұшып кетеді.