Облыста жасөспірімдер арасындағы жыныстық қатынас деректері екі есе көбейген. ҚР ҚК 122-бабымен он алты жасқа толмағандармен сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасау бойынша былтыр 9 факт тіркелсе, биыл 16 жағдай орын алған.
Мұндай жағдайда ерлер қауымы жауапкершілікке тартылмас үшін үйленіп кететін көрінеді. Нәтижесінде, кешірім беріліп, процесс бас бостандығын шектеумен ғана аяқталып жатады. Алайда айналып келгенде мұның соңы әртүрлі уақыттан кейін ажырасуға әкеліп соғады.
Айгүл ТАШЕНОВА, Атырау облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы
Биыл алғашқы 9 айда 35 қылмыстық іс қаралды. Соның ішінде ең көбі – 122-баптың 1-бөлігінде көзделген құқықбұзушылық әрекеттер. Қыз балалардың ортасында көптеген насихат, профилактикалық жұмыстар өткізу керек деп ойлаймын. Балаларды мектептен бастап тәртіпке, қарым-қатынасқа үйрету керек. Өйткені, қыз балалар көбінесе әке-шешесінің бақылауынан тыс қалып, жүкті болып жатады.