Француз тіліне деген қызығушылығы бар жандар үшін Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде тың жоба қолға алынды. Жаңа ашылған клуб қатысушылары француз тілін үйреніп, тәжірибе және білім алмаса алады.
Осыған орай университет басшылығы Франция мен Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы елшіліктерімен ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етіп отыр. Клубтың салтанатты ашылу рәсіміне шетелдік қонақтар, Petrocouncil Қауымдастығының басшылығы және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
Клубтың есігі университет студенттерімен қатар, басқа да ниетті жандарға айқара ашық. Оқу процесі мен кездесулер білім ордасында өткізіледі. Мұнда алдағы уақытта ағылшын және француз тілінен өзге итальян және қытай тілдері клубтарын ашу жоспарланып отыр. Өйткені, университетті халықаралық деңгейге көтеру – негізгі стартегиялық міндеттерінің бірі.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіндегі оңды жаңалық мұнымен бітпейді. Бүгінде жоғары оқу орнында француз орталығынан өзге поэзия клубы да қарқынды жұмыс істеуде. Олардың бәріне кез келген ниетті адам қатысып, көкжиегін кеңейте алады. Ұйымдастырушылар клубтарда жоспарланған іс-шаралар туралы әлеуметтік желілерге және университет сайтында хабарлап отыратын болады.