Ақтауда әлеуметтік осал топтағы отбасылар жергілікті билік берген баспананы жекешелендіруді талап етуде. Жиналғандар – қаңтарда Жаңаөзеннен қоныс тепкендер.
Әкімдік олардың жағдайын жақсартып, жұмыспен қамту мақсатында орталыққа көшіріп әкелген еді. Су жаңа баспана да берілді. Бірақ жаңа пәтерлер жекешелендіруге келмейтін болып шықты. Тұрғындар осыған наразы. Олар баспананың жеке бастарына тіркелмейтіні былай тұрсын, газсыз қалып, жұмыссыз жүргендеріне де билікті кінәлайды. Онда мүмкіндігі шектелген жандар үшін де кіріп-шығуға жағдай жасалмаған.
Аталған үйлер шаһардың жаңа шағынауданында орналасқандықтан, жақын маңда не мектеп, не балабақша жоқ. Сол себепті, балалар шалғайдағы нысандарға қатынауға мәжбүр. Ал әкімдіктегілер мектеп пен балабақшаның алдағы екі жылда салынатындығын айтып отыр. Халықты жұмыспен қамту қолға алынса да, пәтерді жекешелендіру мүмкін емес көрінеді.
Серік ГУСМАН, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары
Жаңаөзеннен көшіп келген азаматтарға арнайы «Жол картасы» дайындалды. Сол мемлекеттік бағдарлама аясында оларға жұмыс ұсынамыз. ҚР тұрғын үй қатынастар заңнамасына сәйкес, қазіргі таңда үкіметтен берілетін үйлердің барлығы жалға беріледі. Жекешелендірілмейді.
Жалпы жыл соңына дейін Жаңаөзеннен Ақтауға тағы 150 отбасы көшіріледі. Оған 600 тұрғын өтініш берген. Айта кетсек, жалдамалы тұрғын үй әлеуметтік осал топтың мүшелеріне, көпбалалы, жалғызбасты аналарға және соғыс ардагерлеріне ғана беріледі. Өткен жылы мұндай баспанаға 4 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, 400-ге жуық жаңаөзендік отбасы Ақтауға қоныс аударған.