Әзербайжан, Ресей және Армения Таулы Қарабахтағы соғысты тоқтату жөніндегі үшжақты келісімге келді. Бұл туралы Армения премьер-министрі Никол Пашинян өзінің фейсбук парақшасында жариялады.
Ол өз жазбасында «Құрметті отандастар, бауырлар мен әпке-қарындастар! Өзіме де, бәрімізге де ауыр тиетін шешімге келдік. Ресей және Әзірбайжан президенттерімен қақтығысты тоқтату жөніндегі келісімге қол қойдым. Өзімізді жеңілдік деп есептемейміз, керісінше бұл қадам біздің ұлт ретінде бірігуіміздің және қайта өрлеуіміздің бастамасы ғана. Отанын қорғау жолында өмірін қиған жандардың алдында басымды иемін. Біз соңына дейін күрестік және жеңеміз» деп жазған.
Атысты тоқтату туралы шешімге келгендерін Ресей президенті Владимир Путин де растады. Оның айтуынша, келісімге қол қойылған сәттен бастап екі елдің әскерлері тұрған жер Армения мен Әзірбайжан территориясы ретінде сақталады. Ал олардың арасында Ресейдің бітімгер сарбаздары тұрмақ. Келісімге сәйкес, алдағы 20 қарашаға дейін Таулы Қарабахтың Газах және Агдам аудандары қайтарылуы тиіс.
Ал Лачин ауданы Таулы Қарабахпен байланысты үзбеу мақсатында Армения құрамында қалады. Екеуі түйіскен тұста 1000-нан астам ресейлік сарбаз орналаспақ. Бітімгерлердің ол аймақта қалу мерзімі 5 жыл, жағдай тұрақамаған жағдайда тағы 5 жылға созылады. Одан бөлек Ереван мен Баку тұтқындар мен қаза тапқандардың мәйітін алмасады. Оны БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары бақылауға алады.