«Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери инженерлері жаңа оқу кезеңіне дайындық аясында оқу-жаттығу алаңдарын жарылғыш заттардан тазартты.
Іске жұмылдырылған инженерлік-саперлік бөлімшелер жеке қорғану құралдарымен, жарты метр тереңдіктегі жарылғыш заттарды табуға арналған мина детекторларымен, байланыс құралдары және жарылыс қаупі бар заттарды тасымалдауға арналған көліктермен қамтамасыз етілген. Аталған аумақтардың жалпы ауданы 48 мың гектардан асады. Олар – Маңғыстау, Ақтөбе және Атырау облыстарында орналасқан «Оймаша», «Бейнеу», «Есет батыр» және «Қаработан» полигондары.
Нұржан САПАРБЕКОВ, 41433 әскери бөлімі инженерлік қызметінің бастығы
Негізгі мақсат – жеке құраммен жаттығу сабақтары кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жарылмаған оқ-дәрілерді, істен шыққан жарылғыш заттарды жою. Қауіпсіздік мақсатында барлық жарылғыш зат бірден электрлік детонация әдісімен жойылады.
Полигондарды тазартуға арналған іс-шаралар шеңберінде техникалық құрал-саймандар мен жауынгерлік топтардың маусымдық дайындығын бақылау, полигон периметрін қазу, сондай-ақ, ескерту белгілерімен қамту жұмыстары да жүргізілуде.