Жалпы құны екі жарым миллиард теңгеге салынған жүн өңдеу және тоқыма өндіру зауыты құрдымға кетудің аз-ақ алдында. Кәсіпорынның батыс аймақтағы қой мен түйе жүнін өңдеп, тоқыма өнімдерін шығарумен айналысып келе жатқанына бес жыл болды. Индустриалдық бағдарлама аясында цехтың тең жартысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның еншісінде, яғни 1 млрд. 600 млн. теңгесі мемлекеттен бөлінген.
Бірақ еш тапсырыс болмағандықтан жеңіл өнеркәсіптің тынысы тарылып, мамандар жұмысын тастап кетіп жатыр. Өңірімізге келетін елордалық шенеуніктердің алдында ауыз толтырып көрсететін кәсіпорын қазір қаңырап бос қалған.
Марат ҚАППАРОВ, «Атырау» ӘКК департамент директоры
Жүн табыстайтын мекемелер аз. Сонымен қатар, пандемияға қарсы олардың да жұмыстары тоқтап қалып жатыр, жұмысшылары азайған. Шетелдік технологтар мен тағы басқа мамандардың келмеуіне байланысты жұмысы тоқтап қалды.
Алғашқыда жұмысшылар он шақты өнім түрін шығарды. Қой мен түйе жүнінен сапалы тауар өндіргенімен, одан түсетін аз ғана қаржымен зауытты ұстап тұру қиын-ақ. Несие төлемек түгілі жұмысшыларға жалақысын уақытында тауып беру мұң болып тұр.
Салтанат МҰХАМБЕТОВА, тігін цехының меңгерушісі
Жұмысшымыз көп болды, бірақ айлық бере алмағанның кесірінен білімді, әрбір аппаратты жетік меңгерген мамандар жұмыстан кетті.Қазір бізде шикізат бар, енді тапсырыс беретіндер табылмай тұр.
Батыс аймақтарға арналған жалғыз зауыттың бүгінгі жағдайы мәз емес, болашағы бұлыңғыр. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация қазір басқа инвестор іздеуде. Бұл зауытқа салынған қаржының 60% мемлекетке тиесілі, енді оның кері қайтуы екіталай. Мұнда жұмыс істеген 70 адамның қазір жетеуі ғана қалған. Олардың өзі жалақысын әупірімдеп әрең алып отыр.