Атырауда шетелдік және қазақстандық боксшылардың қатысуымен ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған жарыс өтті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
⠀
5 жекпе-жектен тұратын кәсіпқой бокс кеші Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен және «SULEIMEN Promotions» проумоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтті. Шара санитарлық нормаларға сай көрерменсіз өтіп, республикалық телеарна арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
⠀
22 жасар Бекзат Нұрдәулетовпен танзаниялық 28 жастағы Ибрахим Маокала арасындағы кездесу екінші раундта нокаутпен аяқталды. Осылайша қазақстандық боксшы Бекзат Нұрдәулетов кәсіпқой бокстағы дебютін сәтті бастады. Ал Данила Семенов танзаниялық қарсыласы Мусса Аджибуды төртінші раундта техникалық нокаутқа жіберді.
Кештің үшінші жекпе-жегі қазақстандық Евгений Павлов пен Танзаниядан келген тәжірибелі Гудлак Мреманың арасында өтті. Екінші жеңіл салмақтағы бұл жекпе-жек те ұзаққа созылмай, екінші раундта аяқталды. Евгений Павлов қарсыласын нокаутқа түсірді.
⠀
Абылайхан Жүсіпов кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін танзаниялық Мешак Мванкемвамен өткізді. Бірінші орта салмақтағы айқас алты раундқа созылып, төрешілер шешімімен жекпе-жек Жүсіповтің жеңісімен аяқталды. Сонымен қатар, Бек Нұрмағанбет пен танзаниялық Абдалах Пази арасында ұйымдастырылған жартылай ауыр салмақтағы жекпе-жек алты раундқа созылып, шешім бойынша Нұрмағанбеттің жеңісімен аяқталды.