Жаңаөзендегі көпбейінді аурухананың жанынан ПТР зертхана ашылды. Мұнда енді тәулігіне 200-ге дейін тест сынамасын тапсыруға мүмкіндік бар. Бұл туралы Жаңаөзен қалалық денсаулық сақтау саласының үйлестірушісі Сәнім Танаева мәлім етті.
Оның айтуынша, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті мұнай мекемесінен 89 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек, ПТР зертханасына 4 мың адамға арналған коронавирусты тексеретін реактивтер келді. Алматы қаласынан әкелінген медициналық жабдықтардың монтаждау жұмыстары 26 қазанда басталды.
Сәнім ТАНАЕВА, Жаңаөзен қалалық денсаулық сақтау саласының үйлестірушісі
Мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. Бұл зертхананың ерекшелігі, тек коронавирусқа қарсы тест жасалмайды, өзге де анализді талдамалар, лабораториялық зерттеулер жүргізіледі. Сондай-ақ, көпбейінді аурханаға 45 оттегі түтігі тартылды. Енді баллон тасымай-ақ, перзентханаға, терапиялық корпусқа инфекциялық ауруханаға және жансақтау бөліміне оттегі тетіктерін алуға мүмкіндік бар.
Мамандардың айтуынша, екінші толқын бола қалған жағдайда қала сыртындағы 9 шақырым қашықта орналасқан ауданаралық туберкулез диспансерінде 100 адамға арналған төсек орын мен қорғаныш құралдары дайын. Бүгінде туберкулез диспансерінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл аурудың азаюына байланысты енді жедел-жәрдем стансасы 31 желтоқсанда сол ғимаратқа көшеді.