Ұлттық экономика министрлігі қала мәртебесінен айырылатын Қазақстандағы аудандық маңызы бар 13 қаланың тізімін жариялады. Бүкіл республикада жалпы аудандық маңызы бар 48 қала болғанымен, оның 13-де халықтың саны 10 мыңға жетпейді. Сол себепті, ел билігі осы қалаларға ауыл мәртебесін бермек.
Еске сала кетсек күні кеше Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өңірлердің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын. Заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары әзірлеген.
Әлия САПАРОВА, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты
Елдің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің санаттары, жекелеген елдімекендердің атап айтқанда аудандық маңызы бар қалалардың қазіргі мәртебесін толық көлемде көрсетпейді. Бүгінгі таңда 48 аудандық маңызы бар қаланың 13-і халық саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейді, себебі, қолданыстағы әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңға сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға халқының саны 10 мың адамнан кем емес елдімекендер жатады.
Қала мәртебесінен айырылатын аудандық маңызы бар шағын шаһарлардың тізімі:
1. Ақмола облысы, Біржан сал ауданы, Степняк қаласы (халқының саны – 4 576 адам);
2. Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Ерейментау қаласы (халқының саны – 9 736 адам);
3. Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, Державинск қаласы (халқының саны – 6 159 адам);
4. ШҚО, Жарма ауданы, Шар қаласы (халқының саны – 7 424 адам);
5. ШҚО, Алтай ауданы, Серебрянск қаласы (халқының саны – 8 791 адам);
6. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Қарқаралы қаласы (халқының саны – 8 681 адам);
7. Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Қазалы қаласы (халқының саны – 7 736 адам);
8. Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Темір қаласы (халқының саны – 2 426 адам);
9. Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Жем қаласы (халқының саны – 1 771 адам);
10. Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласы (халқының саны – 6 445 адам);
11. СҚО, Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласы (халқының саны – 7 370 адам);
12. СҚО, Мағжан Жұмабаев ауданы, Булаево қаласы (халқының саны – 8 299 адам);
13. СҚО, Мәмлүт ауданы, Мәмлүт қаласы (халқының саны – 6 981 адам);
Депутат аудандық маңызы бар қала әкімдері осы қалаларды ауылды елдімекен ретінде қайта құру туралы ұсынысты аудандық атқарушы органдарға енгізетінін мәлім етті. Аудан билігі мақұлдаса, ондағы билік осы ұсынысты облыстық мәслихаттар мен әкімдіктерге жолдайды. Ол ұсыныс облыс деңгейінде қолдау тапса, Үкімет деңгейіне жіберіледі. Үкімет қолдаса, Мемлекет басшысына осыған қатысты тиісті ұсыным енгізіледі.
Әлия САПАРОВА, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты
Аудандық маңызы бар қалаға ауыл мәртебесі берілсе біріншіден ауылдарда еңбек ететін денсаулық сақтау, мәдениет, білім, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт саласындағы қызметкерлердің жалақысына 25 пайыздық үстемеақы қосылады. Екіншіден ауылдағы мектептердің түлектеріне оқуға түсу үшін қабылдау квотасы қарастырылған. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылды елдімекендерге келіп жатқан жас мамандарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, оларға көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алу үшін бюджеттік несие беріледі.
Әйтсе де, Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов аудандық маңызы бар қалаларға ауыл мәртебесін беру мәселесі тек тұрғындардың жиыны арқылы шешілетінін, яғни, сондағы халықтың пікірі ескерілетінін хабарлап отыр.