Пандемия білім сапасына кері әсерін тигізуде. Ата-аналар осылай деп дабыл қағып жатыр. Әсіресе, қашықтан оқып жатқандардың жағдайы мәз емес. Оған себеп те жетерлік. Ауылдардағы интернет желісінің баяулығы мен техника жетіспеушілігі жығылғанға жұдырық болып тұр.
Жергілікті органдардың бұл мәселені реттейміз деп жүргеніне жарты жылдан астам уақыт өтті. Алайда мына қарқынмен ол күнге қашан жетеріміз белгісіз.
Дәл қазір мұғалімдерге де оңай соқпай тұрғаны рас. Тапсырманы арнайы платформа арқылы орындатып, бейнебайланыстан көз ашпай кеткен ұстаздардың жұмысы бұрынғыдан да күрделене түсті. Өңірдегі қашықтан оқыту жүйесінде «Білім лэнд» пен «Дарын онлайн» платформалары қоланылуда. Облыстың бас ұстазының сөзінше, оқу жоспары оқушылармен келісе отырып жүзеге асырылады.
Сатқан ЕСЕНҒАЛИЕВ, Атырау облыстық білім басқармасының басшысы
Жалпы, республика бойынша 10 платформа бар. Оның тиімдісін мектеп әкімшілігі өздері таңдайды. Мұғалім мектептегі оқушылар мен олардың ата-аналарымен келісе отырып, әрі кеткенде екі платформамен жүзеге асыру керек. Білім министрлігінің де, жергілікті атқарушы органдардың да алға қойып отырған басты мақсаты – сапалы білім беру. Осы бағытта әдістемелік нұсқаулықтарда барлық мәселелер көтерілген.
Ұстазы да, шәкірті де дәстүрлі білім беру жүйесін сағынғаны рас. Осыдан бірнеше күн бұрын ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында екінші тоқсаннан бастап мектепке баратын оқушылардың саны көбейтілді. Жалпы білім ордаларында 5-ші, ал халықаралық мектептерде 7-сыныпқа дейінгі оқушыларға арнап кезекші класстар ашылады. Сондай-ақ, оқушы саны 300-ден аспайтын қала және ауыл мектептерінің жұмысы толықтай жанданады. Ал Атырау облысында мұндай білім ошақтарының 50 шақтысы бар.