Атырау облысы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі жағынан республикада ең төменгі сатыда тұр. Бұл туралы облыстық Білім беру басқармасының 11 сынып оқушыларына ұйымдастырған семинарында айтылды.
Мамандардың айтуынша, оған негізгі себептердің бірі – атыраулық шәкірттердің ақылы негізде оқығысы келетіндігінде.
Дидар СМАҒҰЛОВ, Ұлттық тестілеу орталығының басшысы
Менің түсінгенім бойынша, Атырау қаласында тұратын ата-аналар үшін 500–600 мың теңге төлеу қиын болмау мүмкін. Бірақ басқа аудандарда оның көп ақша екенін білеміз. Жалпы, атыраулықтардың баласын ақылы оқуға түсіруден қашпайтынын ұққандаймыз. Ата-аналармен сөйлескенде бір білгенім осы.
Дегенмен бұл мұнайлы өңірде тұратындардың бәрі бай деген сөз емес. Тағы бір себеп – мектептердегі оқыту деңгейінің төмендігінде. Сарапшылар осыдан 10 күн бұрын Атырау облысының білім деңгейі жағынан да көш соңында екенін айтқан. Жалпы, республикада ҰБТ нәтижесі бойынша арнайы рейтинг жасалмайды.
Келесі жылдан бастап ҰБТ компьютермен жүргізіледі. Бұл оқушының уақытын үнемдеуге септігін тигізбек. Естеріңізде болса, тестілеу 2004 жылдан бері қағаз жүзінде өтіп келеді. Ендігі уақытта жаңа форматқа сәйкес, түлектер сынақ тапсыратын күні мен сағатын өздері таңдай алады және тестілеу барысында екі сағаттан кейін үзіліске шығуға да болады. Ал химия, физика, математика пәндерін таңдағандарға қосымша 15 минут уақыт берілмек.