Ресей мен Қазақстан арасындағы Қараөзек бекетінде отанына оралғысы келген мигранттардың мәселесі шешімін таппай тұр. Көлікте түнегендер шекараның ашылуын тілеуде. Дегенмен көршілестерден өзбек азаматтарын өз еліне өткізу жөнінде жауап келмеген. Лажы қалмағандар жергілікті тұрғындардың жанашырлығына сүйеніп, күн көре тұрмақ. «Өзбекстан» өзбек мәдени қоғамдық бірлестігінің Астрахань облысындағы жетекшісі Баходир Аминовтың сөзінше, аумақта әлі де 130-ға жуық жеке көлік қаңтарылып тұр. Мүмкіндігі барлар ебін тауып орналасқан, ал ақшасы мен төзімі қатар таусылғандардың әлі де күтуіне тура келеді. «Қазақстанның карантин шараларын қатаң ұстанатынын білеміз, өзбек азаматтары қажет болса ковидпен ауырмағандығын дәлелдейтін сынаманы бірнеше рет тапсыруға дайын» дейді ол.