Маңғыстауда табиғат жанашырлары қоғамдық экологиялық бақылауды күшейту керектігін айтып, дабыл қағуда. Өңірлік экологиялық кеңес Төрағасы Қажымұрат Хайрушев пен тең Төраға Рашид Мұстапаев аталған проблемаларды кешенді шешу жөніндегі «Жол картасымен» таныстырды.
Қатысушылар жоба азаматтық қоғамды және бұқараның ой-пікірін ескеру арқылы ведомстваның ашықтығын айқын көрсетеді дейді. Сондай-ақ, олар өңірдегі өзекті экологиялық проблемалар толық қамтылуы тиіс екендігін, әрі жобалық құжаттың жүзеге асырылуына бақылау жасау қажеттігіне тоқталып өтті. Әсіресе, Қаракөл қаумалында тәртіптің ақсап тұрғаны да сөз болды.
Әділбек ҚОЗЫБАҚОВ, эко-амбассадор:
Түсірілім кезінде дрондар пайдаланылады, соның кесірінен Қызыл кітапқа енген құстардың тұрақтап қалмау қаупі туындайды. Мұндай заңға қайшы әрекеттерге Үстірт қорығының инспекторлары тосқауыл қоюы тиіс, себебі, аталмыш қорықты күзету – солардың тікелей міндеті. Ал заң бұзушылыққа жол бергендерді әкімшілік жауапкершілікке тартумен аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының инспекторлары айналысады.
Қорық аумағына барғандар дрон пайдалануды тоқтатпаса, қоқиқаздар басқа аумаққа ұшып кету мүмкін. Сондықтан талап пен тәртіпті күшейту керек. Басқосуда бұдан өзге де өзекті мәселелер көтерілді. Кеңес Төрағасы жағалауда бой көтерген қонақүй кешенінің пайда болуы ауыз су тапшылығын туындатуы мүмкін екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, аталмыш проблеманы қазірден бастап қоғамдық талқылауға салу қажет.
Қажымұрат ХАЙРУШЕВ, Өңірлік экологиялық кеңес төрағасы:
Келер жылы наурыз айында Ақтау мен Мұнайлы ауданында ауыз су тапшылығы болуы мүмкін. Себебі, ірі жобалар жұртшылыққа алдын ала таныстырылмастан, құрылысы аяқталғаннан кейін ұсынылған. Мысалы, қонақүй іске қосылғалы биыл жаз мезгілінде Мұнайлы ауданында су жетіспеушілігін байқадық.
Отырыс соңында 2021–2025 жылдарға арналған Маңғыстау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасына кез-келген тұрғын өзінің ұсыныстар мен пікірлерін жолдауға болатыны айтылды.