Ақтаулықтар апатты жағдайда тұрған жеделсатымен мініп-түсудің қорқынышты екенін айтады. Ескі лифтілердің жағдайы өте нашар, есігі ашылмай, ішінде қалып қоятын кездері де жиі болады. Тұрғындар мүлде жөндеу көрмеген техникамен жоғарылаған сайын жанын шүберекке түйіп шығады. Тіпті, жауапты мамандар дер кезінде келіп, ақауды жөндей салмайды деп шағымданады.
Марал БЕКТЕГЕНОВА, Ақтау қаласының тұрғыны
Мына жеделсатының әбден тозығы жеткен. Бірнеше рет ішінде қамалып қалдық. Балам мінгенде талай рет есігі ашылмай, құтқарушыларды шақырттық. Олар да 40 минуттан соң келеді. Кеңес дәуірінен бері тұрған жеделсатыларды ауыстыру керек.
Елена ИЛЯЗОВА, Ақтау қаласының тұрғыны
Бұларды жөндегенімен қайта-қайта бұзыла береді. Ауыстыру керек. Әсіресе, үлкен кісілерге қиын. Ал тек лифттің карточкасына салған ақшаның да бір рейске қанша кетіп жатқанын білмейміз.
Ал жеделсатыларды жөндеп, оған қызмет көрсететін компания құны 8 миллионнан асып жығылатын бір техниканың өзін Украинадан жеткізілетінін айтады. Оның жұмыс жасау мерзімі 25 жыл екен. «Ақтау қалалық лифтілер» компаниясы бұл мәселеде тұрғындарды да кінәлап, бәріне ортақ техниканы күтіп ұстау керек дейді.
Көпберген ЖАЙЛИЕВ, «Ақтау қалалық лифтілер» ЖШС директорының кеңесшісі
4 шағын ауданда жаңадан орнатылған лифтіні өртеп жіберді. Бұйрық беретін батырмаларды адам көзін шұқығандай етіп ойып алған. 12 мкр-да бөлшектерін толық жұлып аллған. Айналып келгенде неге жөндемейсіңдер дейді. Оны жөндеуге ақша керек. Аз ақша емес.
Қазір Ақтауда 162 жеделсаты ауыстыруды талап етеді. Соның ішінде 128-і мүлде істен шыққан, ал 34-і апатты жағдайда тұр. Бұрын иесіз қалған техникалар толықтай тоқтап қалған еді. 2011 жылдан бастап көпқабатты үйлердегі лифтілер мемлекет қарауына алынған. Негізінде, техникаларды ауыстыру – қалалық әкімдіктің құзырында.