Жаңаөзен қаласындағы жетпіс жеті пәтердің жетпіс жеті иесі әкімдік қызметкерлерінен оңбай алданғанын айтады.
Көп уақыттан бері қалқиып тұрған қос үйдің 2017 жылы апатты жағдайда екені анықталған соң, жергілікті әкімдік тұрғындарға басқа үй ұсынған. Дегенмен жаңа баспанаға кірген отбасылардың қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылған көрінеді. Себебі, атқамінерлердің 3 жылдан соң жекешелендіруге болады деген сөзі өтірікке айналған. Қолға тиген құжаттарда пәтерлерді өмір бойы жалдамалы мақсатта ғана пайдалануға болатыны жазылыпты. Бұл «Өз үйім – өлең-төсегім» деп отырғандарға үлкен соққы болды.
Тоқтагүл ИСАНТҰРДИЕВА, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Апаттық үйлерден шығарып, тозығы жеткен үйлерге көшірді. Әкімдік 3 жылдан кейін өз атымызға жазылатынын айтты. Басқаша айтса, бармаушы едік. Менің талабым – үйімізді жекешелендіріп берсін.
Аяқ астынан далада қалудың қаупін сезінген тұрғындар әкімдіктен құйтырқы құжаттардың күшін жоюды сұрайды. Олардың айтуынша, жалдамалы пәтерлер бұрын-соңды баспанасы болмағандарға берілуі керек екен.
Сонымен қатар, аталған үйлердің бұрынғы қожайындарынан қалған коммуналдық қарыздардың кесірінен су, жарық, газ атаулыдан талай қиындық болған. Осы мәселелерді алға тартқан ағайын облыс әкімімен кездесуді талап етті.
Бар базынасын облыс басшысына жеткізген тұрғындар мәселе жергілікті жерде шешілмесе, бас қалаға дейін баратындарын жасырмады.
Серікбай ТРҰМОВ, Маңғыстау облысының әкімі:
Оны астанада немесе басқа жерде шешпейді. Облыс деңгейіндегі мәселе болғандықтан осы жерде шешіледі. Сондықтан 15 күн уақыт беріңіздер. Жазбаша да, ауызша да жауап береміз.
Тұрғындар енді алдағы 15 таңды көз ілмей атырмақ. Дегенмен аталған мәселені шешу облыс әкімінің қолынан келе ме, жоқ па – уақыт көрсетеді.