Бір ай бұрын қазақстандықтар үшін салықты үйде жатып-ақ төлеуге болатын мүмкіндік пайда болды.
Қазір төлем жасаушылар e—salyq қосымшасы арқылы онлайн қызметті пайдаланады. Алайда жаңа технологияға күмәнмен қарап, орталыққа аяқтай баруды жөн санайтындар азаймай тұр. Ал мамандар мұның ресми қосымша екенін және аударған ақшаның міндетті түрде түсетінін айтады.
Әлия БАЙТЕМІРОВА, Атырау облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы бойынша бас маманы:
Салық төлеу үшін аяқтай келудің қажеті жоқ. Егер сіз нақты сомасы мен салық кодын білсеңіз, Қазпошта немесе екінші деңгейлі банктерден төлеуіңізге болады. Кешіктірілген жағдайда аз ғана өсім қосылады. Мүлік пен жерге төлеу мерзімі 1 қазанға дейін болса, көлік салығын 31 желтоқсанға дейін төлеу керек.
Мүлік, жер және көлік салығын онлайн төлеу үшін Плеймаркет немесе Аппстордан «e—salyq» қосымшасын жүктеу қажет. Сосын ЖСН-іңізді енгізіп тіркелген соң, қызметтер тізімі пайда болады. Онда салық төлеуден басқа орталыққа бару үшін алдын ала кезекке тапсырыс бере аласыз. Сондай-ақ, мүлігіңіз сатылған жағдайда ол туралы ақпаратты түзетуге де болады.