Атырауда балық аулау кооперативтері балықшылардың талабымен келісетін болды. Осыған дейін балықтың бір келісін 250 теңгеден 150 теңгеге дейін төмендеткен кооперативтердің шешіміне байланысты балықшылар екі аптадан бері жұмысқа шығудан бас тартқан еді.
Жұмысшылардың сөзінше, екінші тарап белгілеген бұрынғы баға кіріс түгіл, жанармай, ау секілді түрлі қажеттіліктерге кететін шығындарды да өтемейді.
Осы мәселеге орай өткен аптада ұйымдастырылған кездесулердің бірінде жергілікті билік балықшылардың басына орнаған қиындықты шешуге берген уәдесін көпке созбай орындады. Қорытындысында, демалыс күндері коопреативтер әуелгі бағаны қайтарып тынды.
Ұзақбай БАЙЗУЛЛИН, Дамбы ауылдық округінің әкімі:
Бұл жағдай балықшылардың наразылығын туғызды. Яғни, балықшылар шығындарды өтей алмайтын жағдайға жетті. Сол себепті, біз балықшылар мен табиғат пайлдаланушы кәсіпорындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, мәселе оң шешімін тапты.
Қол жеткізген келісімнің нәтижесінде, қазір Жайық өзені мен Каспий теңізінде ау құру жұмысының бойына қан жүгіріп, 500 балықшы жұмысқа қайта кірісті.