Маңғыстауда әрқайсысының құны 12 миллион теңге тұратын 12 дәретхана салынбақ. Бұл мақсатқа бюджеттен 144 миллион теңге бөлінді.
Жергілікті әкімдік туризмді дамытуға атсалысам дейтін кәсіпкерлерді іздеуде. Оларға тас жол бойынан этноауылдар, дәмханалар мен дәретханалар салу жұмыстары тапсырылмақ. Мәселен, Бозжыра мен Ақмыш ауылдарында туризм алаңдарын құру жоспарланып отыр. Өйткені, шетелден келгендер алдымен табиғатқа назар аударады. Одан бөлек, Маңғыстауда саяхат жасайтын жерлерде санитарлық-гигиеналық орындардың жағдайлары сын көтермейді.
Төлеген ЕДІГЕЕВ, Маңғыстау облысы Инвестициялар және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
– Бір дәретханаға он екі миллион теңге жұмсалады. Бұл – бюджеттен бөлінетін сома. Оны арзанға да салуға болады. Ал мұның ыстық және суық суы бар, қол кептіргіші бар заманауи санитарлық орындар болады. Дәретханаларға коммуникация жүргізу қажет болғандықтан, оларды елдімекендерге жақын салу жоспарлануда.