Ақтауда 103 аялдаманы күтіп ұстау мақсатында жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Оның 72-сі түрлі түске сырланып, боялды. Бұл туралы Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жетібай Құбашевке сілтеме жасап Маңғыстаумедиа хабарлады.
Оның айтуынша, алдағы уақытта 68 аялдама жаңартылып, жабдықталады деп жоспарланған.
Жетібай ҚҰБАШЕВ, Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
– Жалпы, орталық көшелердегі аялдамаларды толықтай жабдықтау мақсатында «Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі» ММ-сі арқылы аукционға шығарылды. Аталған сауда-саттық биыл 24 дана аялдаманың жер учаскелері жеке кәсіпкерлерге берілді. Нәтижесінде, заманауи үлгіде 4 аялдама және 3 аялдама мобильді павильонмен орнатылды. Олар 11 шағынаудан 38 үйдің алды, 11 шағынаудан «Жас Дәурен» мейрамханасының алды, 7 шағынаудан «Мәңгілік Алау» монументі, 27 шағынаудан 72 үйдің арты және басқа да жерлерге орнатылды. Шаһарда тағы осындай 12 аялдама қойылады. Жаңа аялдамаларда жарнамаға арналған стенд, қоқыс контейнерлері мен орындықтардың қоюға орын қарастырылған. Сондай-ақ, 5 ескі аялдама толықтай сүріліп, жаңасы орнатылады.
Ақтау қаласында барлығы 194 аялдама бар. Оның 82-і толықтай жабдықталған, ал 44-і – мобильді павильонмен орналасқан аялдама.
Сонымен қатар, аялдамаларды жабдықтау мақсатында «Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-сі тарапынан биыл 20 аялдаманы жабдықтау бойынша бюджеттен қаражат сұратылған. Бюджеттен қаражат бөлінуіне орай аялдамалар алдағы уақытта кезең-кезеңімен жабдықталмақ. Бөлім басшысының айтуынша, аялдамалар бірінші кезекте халық көп шоғырланатын аумақтарға орнатылады. Бір аялдаманың құны жобамен 3-3,5 млн теңге болмақ.