Атырау облысы бойынша 722 жұп жасанды ұрықтандырудың кезегінде тұр. Ал ақылы клиникалардың тіркеу журналындағы сан бұдан 4 есе көп. Бұған еш жерге тіркелмеген ерлі-зайыптыларды қосыңыз.
Мамандардың айтуынша, бедеуліктің алдын алуға биыл 37 квота бөлінген. Дегенмен бұл да аз, себебі, келушілер жыл санап көбеюде.
Гүлсара БАСАРОВА, Адам ұрпағын өрбіту орталығының директоры:
– 37 квота облысқа аздық етеді. Ал Қасым-Жомарт Кемелұлының жолдауымен «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша квотаны 7000-ға дейін көтеру – өте үлкен жаңалық.
Әдетте мекемеге жүгінгендердің жартысына жуығының емі сәтті аяқталып, ата-ана болу бақыты бұйырып жатады. Сондай баққа ие болған жанның бірі – 35 жастағы келіншек. Аты-жөнін жасыруды сұраған оның сөзінше, жұбайы екеуінің нәресте аңсап жүргендеріне жеті жыл болған.
Болашақ ана:
– Квота жөніне келсек, біз екі рет сөйлестік. Оған қол жеткізу мүмкін болмағасын ақылы ЭКО-ға жүгінуге тура келді. Енді эконың квотасын көбейтсе жақсы болар еді.
Келіншек дәл осы диагноз үшін тегін квотаға іліге алмағанын айтады. Оның сөзінше, ақылы ұрықтандыру біраз шығынға ұрындырады. Сол себепті, квотаның көбейгені аса маңызды.