Қазақстандықтардың 60%-да коронавирусқа қарсы иммунитеті болғанда пандемияны тоқтата аламыз. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Дамир Көбжасаров айтты.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта қазақстандық вакцина (QazCovid-in®) ДДҰ-на I және II фазалық клиникалық зерттеулерге кандидат вакцина ретінде тіркелді. Ол Алматы қаласындағы Фтизиопульмонология Ұлттық ғылыми орталығында клиникалық сынақтан өтетін болады. Тәжірибеге 18–50 жас аралығындағы денсаулығы жақсы еріктілер қатыса алады.
Сонымен қатар, Дамир Көбжасаров ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус бойынша жасап жатқан болжамдарының дәлдігне қатысты пікір білдірді.
Дамир КӨБЖАСАРОВ, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры:
– COVID-19 – әрдайым қолданыстағы эпидемиологиялық заңдар мен қағидаларға бағынбайтын зерттелмеген жаңа инфекция. Ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында қысқа мерзім ішінде індет жұқтырғандар саны күрт өсті. Дегенмен індеттің жаңа толқынына қатысты жасалған негатив болжам мүлде орындалмауы да мүмкін. Болжамдар алдағы екі аптаға және 2 айдан 4 айға дейінгі мерзімге жасалады. Тәжірибе көрсеткендей, ұзақ мерзімді болжамдарға қарағанда қысқа мерзімді жобалау дәл келеді.
Еске сала кетейік, биыл тұмауға қарсы вакцина 10 қыркүйек пен 10 қараша аралығында жүргізіледі. Оны жүкті әйелдер (2–3 триместрде), медициналық қызметкерлер мен 18 жасқа дейінгі созылмалы аурулары бар балалар, интернат, балалар үйі сияқты жабық мекемелерде орналасқандар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен жасы 60-тан асқан азаматтар тегін ала алады.