Мирас ықшамауданында не қоқыс салатын жәшік, не жаяужол қарастырылмаған. Ал жолдың арғы бетіне өткіңіз келсе, жүгіріп өтуден басқа амал жоқ.
Мирас ықшамауданының тұрғындары өздерін жауаптылардың назарынан тыс қалған жетім балаға теңейді. Жолы болғанымен тротуары, белгілері болғанымен жолағы жоқ көшеде жүру, әсіресе, балалар үшін қауіпті. Олардың айтуынша, кейін пайда болған аудандардың өзінде аталған мәселелердің бірі де жоқ. Тұрғындар қоқыс жәшігіне де жарымай отырғандарын айтады. Сол себепті, тұрмыстық қалдықтарды екі апта бойы үйде сақтауға мәжбүр.
Сейітқали ТОЙЛЫБАЙ, қала тұрғыны:
— Біздің өзекті мәселеміз — қоқыс шығару. Осы — 2000-нан бергі басты прблема. Қоқыс қоятын жәшік жоқ. Біз ұсыныс жасағанмен, жоқ екенін айтады. Сол себептен, бөшке қойып отырмыз.
Сонымен қатар, мирастықтар балаларының сабаққа барар кезінде қиындық туатынын айтып, көшелерге тротуар мен жолды кесіп өтуге рұқсат ететін белгі және жарық орнатылса деген назын жеткізді.
Тұрғындардың айтуынша, батпақты күні бала түгілі ересек адамның өзіне бір жерге бару — бас қайғы. Аудан халқы мәселесін жергілікті биліктегілерге талай жеткізгенімен естір құлақтың болмағанын айтады.
Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА, Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
— Мирас ықшам ауданының тұрғындары мәселелеріне қатысты айтатын болсақ, қазіргі кезде электр жарығын орнату бойынша Қоскелді, Қобыланды батыр, Жамбыл көшелеріне жарық орнату жоспарда бар. Ал жаяу жүргіншілер жолына пандемияға байланысты ақша бөлінбеген. Кезінде автокөлік жолдары салынғанда жаяу жүргінші жолдары есепке алынбаған.
Әкімдіктегілердің айтуынша, қазіргі уақытта жүргіншілер жолы мен көшені жарықтандыруға қаражат қарастырылып жатыр. Ал қоқыс жәшігі қойылмайды. Себебі, көшенің тар болғаны үшін қалдықты контейнерсіз жинау әдісі қолданылады. Ал олар уақытында алынбаса, әкімдікке шағымдануға болады.