12 жасар қызы бар жалғызбасты әке Мәди Қаржаубаевтың Геолог ықшамауданындағы жатақханалардың бірін жалдап отырғанына 2 жылдай уақыт болды. Жалпы, 20 жыл бойы әр жерден пәтер жалдап келген жігіт ағасы зейнетке шығайын десе – жасы жетпей, жұмысқа тұрайын десе – кәрілігі кедергі болып, кіріс көзінен ажырап қалған.
«Жығылғанға – жұдырық» дегендей, пәтер иесі үйді босатуын сұрап отыр. Себебі, жақын арада баспананы бұзу жұмыстары жүргізілмекші. Енді ол қызын құшақтап далада каламын деп уайымдайды.
Мәди ҚАРЖАУБАЕВ, жалғызбасты әке:
– Үйдің кезігінде 2010 жылдан бері тұрмын. Былтыр қарағанда 604-кезекте едім, биыл 558 болып тұр. Сонда жылына 50 адамнан кемігенде әлі 10 жыл жүруім керек екен. Ал менің жасым ұлғайып кетті. Жұмысқа да алмайды. Жасым 59-да. Енді бұл үйден шығуымды сұрап жатыр. Сүрілмекші екен. Үй жалдауға ақшам да, баратын жерім де жоқ.
Жұбайын екі жыл бұрын жер қойнына тапсырған отағасы осыған дейін қызмет еткен жекеменшік мекемеден еңбекақысын ала алмай қойған. Кейін жұмыспен қамту орталығына тіркелгенмен, ұсынылған қызметтердің қаладан шалғай жатқанына байланысты бас тартыпты. Негізгі себеп – бүлдіршін қызды қараусыз қалдырудан қауіптенген. Ағайыншылап баратын Атырауда туған-туысы да жоқ. Қазіргі уақытта ол қызына түсетін 28 мың теңге жәрдемақымен күнелтіп отыр. 7-сыныпта оқитын Мәдинаға әкімдік айтқан мектептің тегін компьютері бұйырмауы себепті қашықтан білім алудың да қиындығы бар дейді.
Мәди ҚАРЖАУБАЕВ, жалғызбасты әке:
– Қазір мен ешқайда шыға алмаймын. Компьютер іздеуге де мұршам жоқ. Себебі, смартфонға ақша табу қиын. Карантинге байланысты 6 айдан бері пәтерін тегін берген осы үйдің иесіне алғысым шексіз. Дәл қазір мендегі негізгі проблема – үй.
Бұған дейін әкімдіктің табалдырығын талай тоздырған тұрғынға биліктен титімдей де көмек болмапты. Енді ол қызы – екеуіне қандай да болсын қамқорлық көрсетілгенін қалайды.