CaspianLife. 15 шілде. Атырау облысындағы орташа номиналды жалақы 652 950 теңге. Яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3%-ға өскен. 2026-жылдың бірінші тоқсанын қорытындылаған жергілікті статистика департаментінің мамандары осындай ақпарат таратты. Түрлі саланы жеке дара айтсақ, ең көп жалақы алатындар өнеркәсіп саласында жұмыс істейді. Олардың айлығы шамамен — 1 530 648 теңге. Бұл облыстағы орташа көрсеткіштен 2,3 есе жоғары. Ал ең аз жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы саласының қызметкерлерінде. Бар болғаны — 190 мың теңгеден сәл асады.
Марал ҚҰЛШИЕВА, ҚР СЖжРА ҰСБ АОБ департаментінің бөлім басшысы
— 2026 жылғы I тоқсанда 2025 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда жалақының өсімі облыстың барлық ауданында байқалады. Айтарлықтай өсім Мақат ауданында – 15,6% және Қызылқоға ауданында – 9,8% болып отыр. Аудандық бөліністе ең жоғары жалақы Жылыой ауданында – 1 039 723 теңге, бұл облыс бойынша орташа жалақыдан 59,2% артық.
2026 жылдың I тоқсанының қорытындысына қарасақ, еліміздегі орташа жалақы 461 486 теңге. Ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысында— 659 801 теңге, ал ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында— 326 664 теңге.

