CaspianLife, 3 маусым. Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған рақымшылық туралы заң жобасында рақымшылық қолданылатын азаматтардың санаттары нақтыланды.
Заң жобасына сәйкес, қылмыстық теріс қылық жасағандар, онша ауыр емес қылмыс жасағандар, сондай-ақ келтірілген залалды толық өтеген немесе зиян келтіруге алып келмеген орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамдар рақымшылыққа ілігуі мүмкін.
Бұл санаттағы азаматтарға қатысты қылмыстық істерді, оның ішінде сот қарауындағы істерді тоқтату, жазадан толық босату немесе жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту көзделген.
Сонымен қатар орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған, тәртіп бұзушылыққа жол бермеген және жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыт қалған сотталғандар келтірілген залалдың өтелуіне қарамастан мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін.
Заң жобасында ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға қатысты да сараланған тәртіп қарастырылған. Атап айтқанда:
- Орташа ауырлықтағы қылмыс жасап, залалды өтемеген азаматтардың жаза мерзімі ішінара қысқартылады;
- Залал толық өтелген жағдайда ауыр қылмыс үшін тағайындалған жазаның үштен бірі қысқартылады;
- Аса ауыр қылмыс жасағандардың жазасының төрттен бірі қысқартылуы мүмкін;
- Егер келтірілген залал өтелмесе, ауыр қылмыс бойынша жаза мерзімінің төрттен бірі, ал аса ауыр қылмыс бойынша бестен бірі қысқартылады.
Мәжілістің мәліметінше, рақымшылықты қолдану туралы түпкілікті шешім әрбір сотталған адамға қатысты жеке тәртіппен сот арқылы қабылданады.
Сонымен бірге бірқатар ауыр санаттағы қылмыстар бойынша сотталғандарға рақымшылық қолданылмайды. Олардың қатарында:
- сыбайлас жемқорлық қылмыстары;
- терроризм және экстремизм;
- кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар;
- қылмысты қайталап немесе аса қауіпті қайталап жасау;
- қоғамдық қауіптілігі жоғары қылмыстар;
- азаптау фактілері;
- жақында қылмыстық жауаптылық енгізілген бірқатар құқық бұзушылықтар бар.
Сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталған адамдарға да рақымшылық қолданылмайды.
Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық рақымшылық шамамен 16,5 мың адамды қамтуы мүмкін. Оның ішінде 1,5 мыңға жуық сотталған азамат бостандыққа шығуы ықтимал. Ал әкімшілік рақымшылық аясында шамамен 1 миллион айыппұлды қайта қарау көзделіп отыр.

