CaspianLife, 25 мамыр. Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауылында өздерінің шағын Эйфель мұнарасы пайда болды. Биіктігі шамамен 30-40 метр болатын нысанды ауылға жергілікті мектептің 2006 жылғы түлектері сыйға тартқан.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл нысанды «ауылдың жаңа көрікті орны» деп атап, Париждің атмосферасын сезіну үшін енді Францияға барудың қажеті жоқ деп әзілдеуде. Көпшілік мұнараның әсіресе кешкі уақытта жарық шамдарының арқасында ерекше әдемі көрінетінін айтып жатыр.
Жалпақтал ауылы Орал қаласынан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан. Ауылда соңғы 10 жылдан бері жақсы дәстүр қалыптасқан: мектеп бітіргендер мерейтойлық кездесулерінде туған ауылына ірі сыйлық жасап келеді. Осы уақыт ішінде мұнда саябақтар, балалар ойын алаңдары, мүсіндер мен субұрқақ салынған.
Мәліметтерге сүйенсек, Эйфель мұнарасының көшірмесін салуға бірнеше ондаған миллион теңге жұмсалған. Болашақта тұрғындар мен қонақтар мұнараға көтеріліп, оның маңында демалыс және фотосессия жасауға арналған арнайы аумақтар ұйымдастырылмақ.
Әлеуметтік желілерде бұл бастама қызу талқылануда. Кейбір қолданушылар ауыл үшін жол жөндеу секілді практикалық жобалар маңыздырақ болар еді деген пікір білдірсе, енді біреулері дәл осындай ерекше бастаманың Жалпақталды бүкіл елге танытып, туристердің қызығушылығын арттыруы мүмкін екенін айтуда.

