CaspianLife, 13 сәуір. Облыс орталығында креативті индустрияны дамытуға бағытталған бірегей жоба — Atyrau Creative Hub шығармашылық хабы ашылды. Бұл орталық өңір жастарының әлеуетін арттырып, идеяларын нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік беретін заманауи алаңға айналмақ, деп хабарлайды Caspian News телеарнасы.
Жаңа хабтың жалпы аумағы шамамен 1600 шаршы метрді құрайды. Мұнда жастар үшін барлық жағдай жасалған:
-
Ыңғайлы коворкинг аймақтары;
-
Заманауи медиа студиялар;
-
Оқу аудиториялары мен кең конференц-залдар.
Орталық негізгі үш бағыт бойынша жұмыс істейді: шығармашылық, әлеуметтік жобалар және жасанды интеллект. Енді атыраулық дизайнерлер, видеомейкерлер мен IT мамандары жасанды интеллект көмегімен адам миындағы нейрондарды зерттеу немесе төтенше жағдайлардың алдын алу секілді күрделі жобаларын осы жерде дамыта алады.
Бұған дейін қаланың шығармашыл топтары, соның ішінде кітап клубтары бас қосатын орын таба алмай қиналатын. «Bookworms» кітап клубының мүшесі Азиза Бекебаеваның айтуынша, хабтың ашылуы бұл мәселені толық шешті.
«Бұған дейін біз кофеханаларда жиналатынбыз, бірақ 15-20 адамға ол жерлер әрдайым ыңғайлы бола бермейтін. Atyrau Creative Hub — үлкен топтардың еркін пікір алмасуына өте қолайлы кеңістік», — дейді ол.
Ашылу салтанатында қыш құю, киіз басу және зергерлік өнерінен шеберлік сабақтары өтті. Сондай-ақ, көпшілік назарына «Көркем» атты ретроспективалық көрме ұсынылды. Көрме экспозициясы Жайық өзенінің, Каспий және Арал теңіздерінің экологиялық жағдайын өнер тілімен зерттеуге арналған.
«Креативті индустрияны дамыту қорының» өкілі Дәурен Сейітқалиев өңірдегі барлық талантты мамандарды орталыққа бірігуге шақырды.
«Қазір біз өңірдегі барлық креаторлардың базасын жасақтап жатырмыз. Бізде білімімен бөлісе алатын, өзгелерге үйрете алатын мықты мамандар бар. Хабтағы шеберлік сабақтарын осы біздің өңірлік резиденттер өткізеді деп жоспарлап отырмыз», — деді Д. Сейітқалиев.
Айта кету керек, бұған дейін Атырауда шығармашыл жастарды осылай кешенді түрде біріктіретін алаң болмаған еді. Жаңа хаб бұл олқылықтың орнын толтырып, Атыраудың креативті экономикасын жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Ақпарат көзі: Caspian News телеарнасы

