CaspianLife, 8 сәуір. Атырау облысы білім беру басқармасының ақпараты бойынша, өңірдегі жекеменшік мектептерді ағымдағы оқу жылының соңына дейін қаржыландыруды жалғастыру туралы шешім қабылданды.
Бұған дейін бұл мәселе Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысында қаралған болатын.
Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаеваның хабарлауынша, жекеменшік білім беру ұйымдары өкілдерінің ұжымдық өтініші осы мәселенің көтерілуіне себеп болған. Олар 2026 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында қаржыландырудың тоқтап қалуына алаңдаушылық білдірген.
Өтініште өңірдегі жекеменшік мектептер 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысына қатысу туралы өтінімдерін «E-Qazyna» цифрлық жүйесі арқылы уақтылы бергені көрсетілген. Алайда, олардың айтуынша, облыстық білім беру басқармасы ешқандай ресми түсініктемесіз өтінімдерді кері қайтарып алуды ұсынған. Соның салдарынан кеңес отырысы өткен сәтте 2026 жылдың бес айына арналған қаржыландыру өтінімдері қараусыз қалған.
Мектеп өкілдері қаржылық жоспарлардың алдын ала бекітілгенін атап өтті: педагогтармен еңбек келісімшарттары жасалып, жалақы мөлшері белгіленген, ал ата-аналармен бүкіл оқу жылына білім беру қызметін көрсету туралы келісімшарттар бекітілген. Бұл оқу ақысын қайта қарау мүмкіндігін жоққа шығарады, ал педагогтардың жалақысы тікелей жан басына шаққандағы бюджеттік қаржыландыруға байланысты. «Silkway» және «Dostyk» мектептерінің құрылтайшысы Акбар Новаров қалыптасқан жағдайдың ықтимал салдарларына тоқталды.
«Бұл — педагогикалық қызметкерлердің жалақысын кешіктіру немесе төлей алмау қаупі, ата-аналар алдындағы келісімшарттық міндеттемелердің орындалмауы, жекеменшік білім беру ұйымдары қызметінің тұрақтылығына төнген қатер және жалпы өңірдегі білім беру жүйесіне, соның ішінде мемлекеттік мектептерге түсетін жүктеменің артуы деген сөз», — деп атап өтті ол.
Бизнес өкілдерінің ұстанымын өңірлік Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша секторының меңгерушісі Сәрсенбай Жолдыбаев та қолдады.
«Бұл жағдайлар білім беру саласындағы жекеменшік қызметтер нарығына кері әсерін тигізіп, жекеменшік мектептердің іс жүзінде жабылуына әкеп соғуы мүмкін. Бұл осы саладағы 3 мыңнан астам қызметкердің жұмыссыз қалуын білдіреді, бұл өңірдің әлеуметтік ортасында қосымша шиеленіс тудырады», — деп баса айтты Сәрсенбай Жолдыбаев.
Жекеменшік мектеп өкілдерінің деректері бойынша, Атырауда 21 жекеменшік мектеп жұмыс істейді, онда 13 209 оқушы білім алуда. Бұл ретте білім беру қызметінің сапасы мемлекеттік талаптарға және ҚР Білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының ережелеріне сәйкес келеді.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиева бұл өзгерістердің пилоттық жобаны енгізумен байланысты екенін түсіндірді.
«ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 6 қарашадағы №251 бірлескен бұйрығына және облыс әкімдігінің “2025–2026 оқу жылына арналған жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың жаңа механизмі” пилоттық жобасы туралы қаулысына сәйкес, қаржыландыру мәселелері жергілікті бюджет арқылы жергілікті атқарушы органдарға берілді. Мен бұл мәселені басшылыққа жеткіземін, біз бизнестің пікірін ескеріп, жақын күндері жауап беруге тырысамыз», — деді мемлекеттік орган өкілі.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес облыс басшылығының атына ұсыныс хат жолдады.
Кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы Әсел Тұяқбаеваның хабарлауынша, білім беру басқармасынан: «… кәсіпкерлердің пікірі ескерілді және жекеменшік мектептерді оқу жылының соңына дейін қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапты» деген ақпарат түскен.

