CaspianLife, 8 сәуір. Жұмыс сапары барысында ол BINOM JAIYK мектебін, «С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ оқу-өндірістік полигонын, Farabi International School жеке халықаралық мектебін және Ресей мемлекеттік мұнай-газ университетінің филиалын аралады.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол өз жарияланымында И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің Атыраудағы филиалының жұмысымен жан-жақты танысқанын атап өтті. Бұл — С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында ашылған бірегей білім беру алаңы.
«Бұл — мұнай-газ саласы бойынша білім беретін Ресейдің жетекші жоғары оқу орнының филиалы. Ол әлемдік мұнай-газ секторына инженерлер мен ғылыми кадрлар даярлауда мойындалған көшбасшы», — деп жазды А. Цой.
Оның айтуынша, Атыраудағы ресейлік университет «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай-газ құбырлары мен қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ кен орындарын геологиялық модельдеу» сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша бакалавриат бағдарламаларын жүзеге асыруда. 2025–2026 оқу жылына талапкерлер үшін 100 білім беру гранты бөлінген, бұл өңір жастары үшін кең мүмкіндіктер ашады. Алексей Цойдың пікірінше, бұл Қазақстан үшін маңызды.
«Бейінді жоғары оқу орындарының халықаралық филиалдарын құру және дамыту Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Бұл энергетика саласын қоса алғанда, экономиканың негізгі бағыттары үшін кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған. Аталған бастама адами капиталды дамыту және экономиканы технологиялық жаңғырту стратегиясындағы жоғары білікті мамандар даярлау жөніндегі ұлттық мақсаттармен тікелей байланысты. Білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту елдің ғылыми әлеуетін нығайтып қана қоймай, түлектердің жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады», — деп жазды Президент кеңесшісі.
Сонымен қатар, ол оқытушылар құрамымен кездесулер, тәжірибе алмасу және даму перспективаларын талқылау болашақ инженерлер мен зерттеушілердің жоғары деңгейде дайындалып жатқанын көрсеткенін атап өтті. Олар Қазақстанның мұнай-газ саласының тұрақты дамуына өз үлесін қосады.

