CaspianLife, 8 сәуір. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыста толық атысты тоқтату және бітімге келу туралы келісімге қол жеткізілгенін құптайды. Бұл келісім Шахбаз Шариф пен Пәкістан Қарулы күштерінің бас қолбасшысы, фельдмаршал Асим Мунир арағайындығымен жүзеге асты.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров өзінің Telegram-арнасында хабарлады. Оның айтуынша, бұл келісімге қол жеткізу Дональд Трамп және Иранның жоғары басшылығының, сондай-ақ әскери қақтығысқа тартылған барлық елдердің ізгі ниеті мен парасатының арқасында мүмкін болған.
«Мемлекет басшысы қол жеткізілген бітім келісімінің ұзақ мерзімді болатынына үміт білдірді. Бұл әлемдік сауданың дамуына және барлық елдердің экономикалық өркендеуіне ықпал етеді», — деп жазды Айбек Смадияров.