Caspianlife, 6 сәуір. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Алматы қаласында шет тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект синергиясы білім беру саласында» тақырыбында VII Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Ауқымды іс-шара білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, олардың тиімділігі мен болашағын талқылауға арналды.
Конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар, зерттеушілер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім беру саласының мамандары қатысты. Онлайн форматта ұйымдастырылған жиын түрлі елдерден сарапшылардың басын қосып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында жасанды интеллекттің білім беру үдерісіндегі рөлі, цифрлық технологиялардың ықпалы, оқыту әдістерін жетілдіру жолдары және академиялық ортадағы инновациялар кеңінен сөз болды. Қатысушылар білім сапасын арттыруда заманауи технологиялардың маңызын атап өтті.
Конференцияның негізгі бөлігінде шетелдік спикерлердің негізгі баяндамалары ұсынылды.
Бірінші болып сөз алған Дубайдағы Әмірлік авиация университетінің доценті, PhD Тео Мойтаба Аммари білім берудегі жасанды интеллект синергиясы тақырыбында баяндама жасап, жасанды интеллекттің оқу үдерісін жетілдірудегі мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа технологиялар оқытуды жекелендіріп, білім алушылардың қажеттіліктеріне бейімделген тиімді жүйе қалыптастыруға жол ашады.
Келесі спикер Түркиядағы Чанаккале Онсекиз Март университетінің қауымдастырылған профессоры, доктор Бора Демир жоғары білім берудегі жасанды интеллектке тәуелділіктің салдары тақырыбында баяндама жасады. Ол жасанды интеллектті шамадан тыс қолдану студенттердің сыни ойлау қабілетіне кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтіп, академиялық адалдық мәселесіне ерекше назар аударды.
Польшадағы Адам Мицкевич университетінің профессоры Кристофер Кортен өз сөзінде тиімділіктен интеллектке: білім берудегі жасанды интеллекттің шынайы мүмкіндіктері тақырыбын қозғап, жасанды интеллектті тек құрал ретінде емес, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды фактор ретінде қарастыру қажеттігін жеткізді.
Ал АҚШ-тағы Калифорния университеті, Сан-Диего жанындағы Ағылшын тілі институтының маманы Андела Попович LMS курстарын жетілдіру: жасанды интеллект, HTML және оқыту дизайнын интеграциялау тақырыбында баяндама жасап, онлайн білім беру платформаларын тиімді ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін ұсынды.
Конференция қорытындысында қатысушылар білім беру саласында жасанды интеллектіні тиімді қолдану бағытында өз ұсыныстарын білдіріп, тәжірибе алмасты. Мұндай халықаралық ғылыми кездесулер білім беру сапасын арттыруға, инновациялық әдістерді енгізуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосатыны анық.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і
Филология факультеті
Шетел тілдері кафедрасының
аға оқытушысы Л.М.Алиярова

