CaspianLife, 6 сәуір. Әлеуметтік желілерде таралып жатқан бейнематериал шындыққа сәйкес келмейді. Онда Ақтау қаласында алда болатын жер сілкінісі туралы жалған ақпарат берілген.
Бұл туралы бүгін түнде Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығы хабарлады. Ресми мәлімдемеде интернет кеңістігін мониторингтеу барысында TikTok әлеуметтік желісінде осындай мазмұндағы видео анықталғаны айтылған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталмаған және жалған болып табылады. Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ.
«Мұндай ақпарат халықты үрейлендіріп, қоғамда негізсіз дүрбелең тудырады және көрінеу жалған мәлімет тарату болып саналады. Әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге және күмәнді материалдарды таратпауға шақырамыз. Тек ресми дереккөздерді пайдаланыңыздар», — деп мәлімдеді жауапты орган өкілдері.

