Caspianlife, 2 сәуір. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультетінің шетел тілдері кафедрасы ұйымдастырған «Global Dialogue on Good Health and Well-Being» атты халықаралық студенттік дөңгелек үстелі өтті. Іс-шара онлайн форматта, ағылшын тілінде өткізіліп, кафедраның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) арналған жылдық жоспарына сәйкес жүзеге асырылды. Аталған кездесу БҰҰ-ның 3-ТДМ – «Жақсы денсаулық пен әл-ауқат» бағытын жүзеге асыруға арналды.
Дөңгелек үстелге Қазақстан, Өзбекстан және АҚШ жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті, Нукус шетел тілдері педагогикалық институты, Қарақалпақ ұлттық университеті, сондай-ақ АҚШ-тың University of Utah және Texas College of Communications студенттері белсенділік танытты. Бұл халықаралық қатысу іс-шараның маңыздылығын арттырып, әртүрлі елдің тәжірибесін салыстыруға мүмкіндік берді.
Іс-шараның ашылуында ұйымдастырушылар қатысушыларды құттықтап, ТДМ-3 мақсатының маңыздылығына тоқталды. Олар денсаулық сақтау тек медициналық мәселе ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, экономикалық және экологиялық факторлармен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар бірнеше бағыт бойынша баяндамалар жасады.
Атап айтқанда:
– жаһандық денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелер;
– психикалық денсаулықтың маңыздылығы және жастар арасындағы стресс пен күйзеліс;
– дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын қалыптастыру;
– жұқпалы және жұқпалы емес аурулардың алдын алу;
– цифрлық технологиялардың медицинадағы рөлі.
Студенттер өз баяндамаларында нақты статистикалық мәлімет келтіріп, ғылыми зерттеулерге сүйенді. Сонымен қатар, олар өз елдеріндегі денсаулық сақтау жүйесінің ерекшеліктерін таныстырып, тиімді тәжірибені бөлісті. Мысалы, кейбір қатысушылар телемедицина мүмкіндіктерінің кеңеюі туралы айтса, басқалары жастар арасында спорт пен белсенді өмір салтын насихаттаудың маңызын атап өтті.
Іс-шараның ерекше бөліктерінің бірі – пікірталас сессиясы болды. Қатысушылар жаһандық деңгейдегі денсаулық сақтау мәселелерін шешуде халықаралық ынтымақтастықтың рөліне назар аударып, ортақ ұсыныстар әзірледі. Олар білім беру мекемелерінде денсаулық мәдениетін қалыптастыру, ақпараттық кампанияларды күшейту және жастардың белсенділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, дөңгелек үстел аясында студенттер арасында мәдениетаралық коммуникация нығайып, ағылшын тілінде кәсіби қарым-қатынас жасау дағдылары дамыды. Бұл өз кезегінде олардың академиялық және кәсіби өсуіне ықпал етті.
Іс-шара соңында қатысушылар бірлескен қарар қабылдап, онда денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар мен бастамалар көрініс тапты. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыға алғыс білдіріп, болашақта осындай халықаралық кездесулерді жалғастыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Аталған халықаралық дөңгелек үстел студенттердің ғылыми әлеуетін арттырумен қатар, олардың жаһандық мәселелерге деген жауапкершілігін қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Мұндай бастамалар жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырып, қоғамның тұрақты дамуына негіз болары сөзсіз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
филология факультеті шет тілдері кафедрасының
аға оқытушысы Л. М. Алиярова
