Caspianlife, 2 сәуір. Ақтауда жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастырумен байланысты алаяқтық ісі бойынша үкім шығарылды. Тергеу Маңғыстау облысы бойынша Қаржы мониторингі департаменті тарапынан жүргізілген.
Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бухгалтер кәсіби білімін пайдаланып, жүкті әйелдерді қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу схемасын ұйымдастырған. Қатысушыларды тарту мақсатында ол Instagram әлеуметтік желісінде әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге көмек көрсететін маман ретінде өзін таныстырып, төлемдерді айтарлықтай көбейтуге уәде беріп, көмек ұсынған. Схеманы жүзеге асыру үшін туыстары мен таныстарына бірқатар жеке кәсіпкерлер тіркелген, бірақ олар іс жүзінде ешқандай шаруашылық қызметпен айналыспаған.
Жеке кәсіпкерлер мен тартылған тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, бухгалтер жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, есеп айырысу тізімдемелері, еңбек шарттары және өзге де бухгалтерлік құжаттарды дайындап, заңды еңбек қатынастары бар деген жалған көрініс қалыптастырған.
«Нәтижесінде мемлекетке келген шығын 146 млн теңгені құрады. Алаяқтық арқылы алынған қаражатқа ол 3 бөлмелі пәтер сатып алған, ол пәтерге тергеу барысында тыйым салынды. Сот үкімі бойынша оған 5 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалды. Пәтер мемлекет пайдасына тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді», — деп хабарланды.

