Caspianlife, 1 сәуір. FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерді уақытша тоқтату мерзімін 2026 жылғы 19 мамырға дейін ұзартқанын хабарлады.
Әуе компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шешім Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайдың сақталуына және оның аталған бағыттағы ұшуларға әсер етуіне байланысты қабылданған. Бұған дейін рейстер 2026 жылғы 19 сәуірге дейін тоқтатылғаны хабарланған болатын.
Рейстері тоқтатылған жолаушыларға билетті айыппұлсыз кейінгі күндерге тегін ауыстыру немесе толық қайтару мүмкіндігі ұсынылады.
FlyArystan-ның ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы билет алған жолаушылар брондауға өзгерістерді онлайн түрде өздері енгізе алады. Ал билетті туристік агенттіктер немесе басқа сату арналары арқылы сатып алған жолаушыларға сатып алған жеріне жүгіну ұсынылады.
«Әуе компаниясы өңірдегі жағдайдың дамуын мұқият бақылауды жалғастырып, өзгерістер туралы жолаушыларды дер кезінде хабардар етеді», — делінген FlyArystan хабарламасында.

