CaspianLife, 31 наурыз. Бүгін Ақтау қаласында Қазақстанның төрт батыс өңіріне хабар тарататын «Caspian News» телеарнасының филиалы ресми түрде ашылды.
Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникациялар орталығының хабарлауынша, шараға өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысып, жаңа медиажобаға сәттілік тіледі.
Қатысушыларға телеарнаның техникалық мүмкіндіктері таныстырылды. Арна толықтай заманауи цифрлық техникамен жабдықталған, оның ішінде жоғары сапалы камералар мен тікелей эфир жүргізуге арналған құрылғылар бар. Сондай-ақ жылжымалы телестудия қарастырылған.
Филиалда ақпарат жинаудан бастап оны тікелей эфирге шығаруға дейінгі толық цикл жүзеге асырылады. Арнаның негізгі ұстанымы — өңірдегі өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелерді талдау және жедел әрі шынайы ақпарат ұсыну.
«Caspian News» телеарнасының атқарушы директоры Жанар Низамутдинова бұл күннің филиал ұжымы үшін де, тұтас өңір үшін де маңызды стратегиялық қадам екенін атап өтті.
— Ақтауда телеарнаның ашылуы өңірдің медиа саласының дамуына серпін береді. Біздің мақсат — кәсіби, шынайы әрі объективті ақпарат ұсыну. Маңғыстау өңірі әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан маңызды, сондықтан біз Батыс Қазақстандағы өңірлік жаңалықтарды кеңінен жариялауды жоспарлап отырмыз. Арнамыздың ерекшелігі — тәулік бойы 24/7 режимінде хабар тарату. Ақпарат қазақ және орыс тілдерінде 12 сағаттан беріледі. Алдағы уақытта эфир сапалы подкасттармен және түрлі тележобалармен толықтырылады, — деді Жанар Низамутдинова.
«Caspian News» телеарнасы 2018 жылдың қазан айында ашылған. Қазіргі таңда арна Атырау облысының бес ауданында, сондай-ақ Астана, Ақтау, Ақтөбе және Орал қалаларында меншікті тілшілер арқылы жұмыс істейді. Цифрлық эфирлік қамту көрсеткіштері жоғары деңгейде: Атырау облысында — 94,29%, Маңғыстау облысында — 95,15%, Батыс Қазақстан облысында — 65,61%, Ақтөбе облысында — 62,04%. Спутниктік хабар тарату арқылы республика аумағы толық қамтылған. Сонымен қатар, телеарна республикалық деңгейдегі брифингтерді тікелей эфирде көрсетіп, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізуде.

