CaspianLife, 30 наурыз. Әлеуметтік желілерде және видеохостингтерде таралып жатқан зейнетақы төлемдерінен 20 пайыз ұсталым енгізу туралы ақпарат шындыққа жанаспайды.
Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, белгісіз тұлғалар deepfake технологияларын пайдаланып, ынтымақты зейнетақы төлемдері 20%-ға қысқарады деген жалған ақпаратпен видеороликтер таратып жатыр.
«Еске саламыз, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері Қазақстан Ұлттық банкі айқындайтын болжамды инфляция деңгейіне сәйкес 10%-ға арттырылды», – делінген хабарламада.
Министрлік сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен күнкөріс минимумының 70%-ына дейін, ал ең жоғарғысын 120%-ына дейін арттыру жүзеге асырылып жатқанын еске салды.
Осылайша, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені (күнкөріс деңгейінің 118%-ы) құрады.
«Азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырамыз. Жалған ақпаратты әдейі тарату заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертеміз», – делінген хабарламада.

