CaspianLife, 30 наурыз. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтардың өз пікірін білдіру кезінде, оның ішінде онлайн-платформаларда және басқа да қоғамдық ақпараттық алаңдарда заңнаманы қатаң сақтау қажеттігіне назар аударады.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, кейбір адамдар ұлттық дәстүрлерге, әдет-ғұрыптарға және ғасырлар бойы тек елімізде ғана емес, оның шегінен тыс жерлерде де тойланып келе жатқан Наурыз мерекесіне қатысты жағымсыз пікірлерді ашық түрде таратқан жағдайлар тіркелген.
«Олардың барлығы дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың өздерінің жалған діни догмаларымен үйлеспейтіні туралы бұрмаланған пайымдарымен сүйемелденген», – делінген үндеуде.
Бұдан әрі мұндай мәлімдемелер Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін айқындайтын Конституция қағидаларына қайшы келетіні, сондай-ақ қоғамдағы, конфессияаралық және ұлтаралық келісімге нұқсан келтіруі мүмкін екені атап өтілген. Сонымен қатар, олар ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың беделін түсіреді.
«Журналистердің, блогерлердің және мұндай жалған діни көзқарастағы тұлғаларға ақпараттық алаң ұсынатын платформалар иелерінің жауапкершілігіне ерекше назар аударамыз. Оларға жалған әрі арандатушылық сипаттағы мәлімдемелер таратуға мүмкіндік беру арқылы, мұндай тұлғалар олардың таралуына ықпал етіп, қоғам санасына кері әсердің күшеюіне жол ашады, гендерлік теңсіздікті насихаттап, әйелдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітеді», – делінген Бас прокуратура мәлімдемесінде.
Осыған байланысты қадағалау органы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби этика мен объективтілік қағидаларын сақтауға және қоғамдық келісімді бұзуы мүмкін идеяларды тарату үшін өз платформаларын пайдалануға жол бермеуге шақырады.
Сонымен қатар, прокуратурада жалған ақпаратты әдейі тарату, ол қоғамдық тәртіпке және азаматтардың құқықтарына әсер етуі мүмкін болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жауапкершілікке әкелетіні түсіндірілді. Ал ұлттық, діни немесе әлеуметтік алауыздықты қоздыруға бағытталған жария мәлімдемелер ҚР ҚК-нің 174-бабына сәйкес ауыр қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұдан бөлек, мұндай әрекеттер діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу ретінде бағаланып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты Бас прокуратура азаматтарды жалған ақпарат таратудан бас тартуға, Қазақстан халқының мәдени және ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға, қоғамда алауыздық пен қақтығыс туғызуы мүмкін пікірлерге жол бермеуге шақырады. Мұндай фактілер анықталған жағдайда құқық қорғау органдары заңнамаға сәйкес қатаң шаралар қолданады.

