Caspianlife, 26 наурыз. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин екіжақты келіссөздер өткізді.
Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, өнеркәсіп пен энергетика, көлік салаларындағы жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ экология бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
ҚР Премьер-министрінің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция көлемі бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады. Өткен жылдың тоғыз айында 2,1 млрд АҚШ доллары көлемінде ресейлік инвестиция тартылған. Жалпы, соңғы 20 жылда тікелей ресейлік инвестициялар көлемі 28,5 млрд долларға жеткен. Ал Қазақстан Ресей экономикасына 9 млрд доллар инвестиция салған.
Хабарламада келіссөздер барысында Каспий теңізінің экожүйесін сақтау және табиғатты қорғау бастамаларын іске асыру бойынша бірлескен іс-қимылдарға да ерекше назар аударылғаны айтылған. Сонымен қатар, Қазақстан Каспий маңы елдерінің барлығының үйлесімді әрі жүйелі ынтымақтастығын қолдайтыны, бұл Каспий теңізі деңгейінің одан әрі төмендеуінің алдын алуға және экологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталғаны атап өтілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен Каспийдің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама жобасы әзірленуде.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту ниеттерін растады.

