Caspianlife, 19 наурыз. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен «Ақтау энергетикалық компаниясы» ЖШС Ақтау қаласында қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу бойынша инвестициялық келісімге қол қойды.
Құжатқа ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және «Ақтау энергетикалық компаниясы» ЖШС бас директоры Гэ Личунь қол қойды. Аталған компания 2024 жылы Қытайдың ірі мемлекеттік энергетикалық корпорацияларының бірі – China Huadian Corporationмен бірлесіп құрылған.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 108 млрд теңгені құрайды, оның 70%-ын қытайлық серіктес қаржыландырады. Бу-газ қондырғысын МАЭК алаңында 2027 жылдың маусым айында іске қосу жоспарланған.
Келісім аясында қазақстандық мамандар үшін 300-ден астам жұмыс орны ашылады (уақытша және тұрақты). Сонымен қатар Қытайдың профильдік жоғары оқу орындарында «Электр энергетикасы» мамандығы бойынша магистратурада оқуға жыл сайын гранттар бөлінеді, кадрлардың біліктілігін арттыру және үздіксіз оқыту жүйесі енгізіледі.
Келісім мерзімі аяқталғаннан кейін бу-газ қондырғысы «МАЭК» ЖШС балансына тегін беріледі. Жобаны іске асыру өңірдегі электр қуаты тапшылығын азайтып, электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және елдің батыс энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұған дейін компания «МАЭК» ЖШС-нің қолданыстағы қуаттарын кеңейту жұмыстарын бастаған.
Жалпы, Қазақстан қалаларында төрт бу-газ қондырғысы салынып жатыр. Олар оңтүстік өңірлерді электр және жылумен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, Қызылорда облысында қуаты 240 МВт болатын бу-газ қондырғысын іске қосуға дайындық кезеңінде, ал Түркістан облысында 1 ГВт-тық қуатты қондырғының құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 алаңдарында жалпы қуаты 1,1 ГВт болатын заманауи бу-газ қондырғылары салынуда, бұл қаланы сенімді әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етеді.

