CaspianLife, 18 наурыз. Бүгін Қазақстанда Ұлттық киім күні атап өтілуде – бұл Наурызнама жалпыұлттық онкүндігінің бесінші күні. Бұл мерекені мұнайлы астананың тұрғындары да ерекше сән-салтанатпен атап өтті.
Қала көшелері мерекелік көңіл-күйге бөленді: түрлі-түсті ұлттық киім киген тұрғындар Сұлтан Бейбарыс даңғылынан Исатай мен Махамбет алаңына дейін шеру жасап өтті.
– Бұл іс-шара еліміздің басқа өңірлерінде де осындай шерулерді кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Оған қала тұрғындары мен қонақтары, мемлекеттік қызметкерлер, түрлі компания өкілдері, кәсіпкерлер қатысты, – деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ердоc Әбдісаттаров.
Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, мерекелік шеруге қатысқан Атыраудың 5 мыңға жуық тұрғыны қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетіне, бай мұрасына құрмет көрсетті.
– Ұлттық киімдер шеруіне отбасымызбен келдік. Балаларым қазақы нақышты сезінсін деп арнайы ертіп келдім. Біздің міндет – дәстүр мен салт арқылы ұлттық құндылықтарды келесі ұрпаққа жеткізу, – деді қала тұрғыны Альбина Жүнісова.
– Жыл сайын осындай іс-шаралар халықты біріктіріп жатқанын көріп қуаныштымын. Ұмыт болған дүниелер қайта жаңғырып жатса, бұл бізге мақтаныш сыйлайды. Қазақстанда әрдайым бейбітшілік пен келісім болсын, – деді қала тұрғыны Гүлсім Жақсылықова.
Шеру Исатай мен Махамбет алаңында жергілікті өнерпаздар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Хабарламада айтылғандай, мұндай шеру Атырауда үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

