Caspianlife, 17 наурыз. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты іс-шарада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты. Құжат 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Ал Қазақстанда Конституция күні енді жыл сайын 15 наурызда жалпыұлттық деңгейде мемлекеттік мереке ретінде атап өтіледі.
Сондай-ақ Қ.Ж. Тоқаев мемлекет тағдырына бейжай қарамай, дауыс беруге қатысқан барлық отандастарға алғысын білдірді:
«Ұлттық мүддені толық қолдап, Негізгі заңды жақтаған және дауыс беруді тарихи миссия ретінде қабылдаған азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы ретте Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының, Жетісу өңірінің және басқа да аймақтардың тұрғындарын ерекше атап өткім келеді», – деді Президент.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы Конституцияның басты мақсаттарының бірі – елдің аумақтық тұтастығын, Тәуелсіздігі мен егемендігін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Сонымен қатар бұл құжат білім, ғылым, инновация мен мәдениетті дамытуға жағдай жасап, қоршаған ортаны қорғауға да негіз болады.
Бұдан бөлек, Президент қол қойған Жарлық Негізгі заң нормаларын жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды:
«Жақын арада Парламент қарауына бес жаңа конституциялық заң енгізіледі: Президент туралы, Құрылтай, Халық кеңесі, сондай-ақ елорданың мәртебесі мен әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы. Сонымен қатар тағы сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге жүйелі өзгерістер енгізу қажет.
Заң шығару процесі алдағы парламенттік сайлаумен үйлестіріледі, оны жаңа сессия ашылғанға дейін өткізу жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін тиісті құқықтық база толық дайын болуы тиіс. Қазақстанның құқықтық және саяси салаларын түбегейлі жаңарту биыл және, мүмкін, келесі жыл бойы жалғасады. Бізге қолданыстағы билік институттарын реформалап, жаңаларын құру, олардың құрылымы мен кадрлық құрамын жаңарту міндеті тұр.
… Сондықтан еліміз сапалық тұрғыдан жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр деп сеніммен айтуға болады. Демек, мемлекет пен азаматтардың өзара қарым-қатынасы да жаңаша сипат алады.
Өткен жылы, өздеріңіз білесіздер, қылмыстық амнистия жүргізілді. Қазір азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қосымша амнистия жасауға болады. Әкімшілік амнистия еліміз тарихында алғаш рет өткізілетінін атап өткім келеді. Парламенттен осы сессия аяқталғанға дейін тиісті заңды қабылдауды сұраймын», – деді Қ.Ж. Тоқаев.
(Қ.Ж. Тоқаевтың толық сөзін тиісті дереккөзден оқуға болады)

