CaspianLife, 17 наурыз. Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан әуе компаниялары ішкі рейстер санын арттыруда.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Air Astana және FlyArystan компаниялар тобы 2026 жылғы 16–29 наурыз аралығында ел ішіндегі ең сұранысқа ие бағыттар бойынша 146 қосымша рейс жоспарлаған. Оның 80-і Алматы – Астана бағытына тиесілі.
Сондай-ақ Алматы, Астана және Ақтау қалаларынан Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Қостанай, Семей, Атырау, Өскемен, Орал бағыттарына қосымша рейстер ұйымдастырылады.
Өз кезегінде SCAT әуе компаниясы да қосымша рейстер ашуды жоспарлап отыр: 19–21 наурыз аралығында Алматы – Астана бағыты бойынша 5 рейс және Шымкент – Ақтау бағыты бойынша 1 рейс орындалады. Сонымен қатар 23–26 наурыз күндері Алматы – Астана бағытына тағы 4 рейс, сондай-ақ Шымкент – Астана және Ақтау – Астана бағыттарына бір-бір рейстен қосылады.
Рейстер санының артуы өңірлер арасындағы көлік қолжетімділігін қамтамасыз етіп, мереке күндері азаматтардың сапарлау мүмкіндігін кеңейтеді. Жолаушыларға әуе компаниялардың ресми сайттарынан қосымша рейстер мен билеттердің бар-жоғын алдын ала тексеріп, сапарды ертерек жоспарлау ұсынылады.

