Caspianlife, 17 наурыз. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі басшысы Ерлан Ақкенженов пен Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риу кездесу барысында осы мәселені талқылады.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөздер барысында тараптар мемлекет басшылары деңгейінде қабылданған бірлескен бастамалардың жүзеге асырылу барысын пысықтап, алдағы ынтымақтастықтың жаңа басымдықтарын айқындады. Ерлан Ақкенженов Италияның Қазақстан үшін сенімді серіктес болып қала беретінін атап өтіп, екіжақты диалогтың нақты индустриялық жобаларға ұласып жатқанын жеткізді.
Кездесуде ресурстық базаны кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. 2026 жылдың қаңтарында QazaqGaz және Eni компаниялары Каспий маңы бассейніндегі «Каменковский» учаскесін зерттеудің практикалық кезеңіне өтті. Сонымен қатар «Оңтүстік Шу-Сарысу» және «Береке» учаскелері бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қашаған кен орны мен Қарашығанақ кен орны жобаларындағы серіктестікпен қатар, мұнай-газ химиясы кластерін дамытуға да басымдық берілуде. «Полиэтилен» жобасы аясында Maire Tecnimont жетекшілік ететін консорциум полимерлеу қондырғысы мен газды бөлу кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісті.
Энергетикалық трансформация бағытында Жаңаөзенде Eni компаниясымен бірге қуаты 247 МВт болатын гибридті электр стансасы салынып жатыр. Бұл нысан күн, жел және газ энергиясын бір жүйеде пайдаланады. Алғашқы нәтиже де бар: 2025 жылдың қыркүйегінде 80 мың күн панелі орнатылған станса іске қосылып, таза электр өндіре бастады.
2026 жылдың соңына дейін газ және жел электр станцияларының құрылысы аяқталып, Өзенмұнайгаз және ҚазГПЗ секілді Маңғыстау облысындағы мұнай-газ нысандарының толық энергия қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.
Дәстүрлі электр энергетикасы саласында Ansaldo Energia компаниясымен стратегиялық әріптестік нәтижесінде Алматы қаласындағы ЖЭО-3-те заманауи газ турбиналарын орнату басталды. Қажетті жабдықтар ағымдағы жылдың қаңтарында жеткізілген.
Кездесу қорытындысында италиялық компанияларды Қазақстанның отын-энергетика кешенін дамыту жоспарларына кеңінен тарту арқылы елдің энергетикалық жүйесінің сенімділігі мен экологиялық тиімділігін арттыруға дайындық расталды.

