CaspianLife, 16 наурыз. Қасым-Жомарт Тоқаев «Туризм саласын және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін (БЖСМ) жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін енгізуді көздейтін заң жобасы әзірленді. Бұл құжат аясында БЖСМ жаттықтырушы-оқытушыларының еңбекақысын арттыру шаралары қарастырылған.
– БЖСМ жаттықтырушы-оқытушыларының жалақысы лауазымдық айлықтан 30%-ға ұлғаяды. Бұл үстемақы біліктілік тестінен өткен және ұлттық спорттық дайындық стандарттарына сәйкес оқу-жаттығу процесін жүргізетін мамандарға төленеді, – делінген министрлік сайтында жарияланған ақпаратта.
Қазіргі уақытта елде 526 БЖСМ жұмыс істейді, онда 15 мыңнан астам жаттықтырушы-оқытушы еңбек етеді. Жыл сайын олардың шамамен 30%-ы біліктілік тестінен өтеді деп жоспарланған. Тестілеуді дене шынықтыру және спорт саласындағы республикалық оқу-әдістемелік және талдамалық орталық жүргізеді.
Сонымен қатар, жергілікті бюджеттерден қосымша қаржы бөлу республикалық бюджеттік комиссия шешімімен қолдау тапқан. 2026–2028 жылдарға 74 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 1,8 млрд теңге жаттықтырушылардың жалақысына қосымша төлемдерге, ал қалған қаражат БЖСМ-ның материалдық-техникалық базасын нығайтуға, балалардың жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарына қатысуына, фармакология, спорттық киім-кешек және басқа да қажеттіліктерге бағытталады.
Бұл шаралар жаттықтырушы мамандығының беделін арттыруға, білікті кадрларды тарту мен ұстап қалуға, сондай-ақ спорт резервін даярлаудың тұрақты негізін қалыптастыруға бағытталған.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне көшу балалар-жасөспірімдер спортын кешенді дамытуға мүмкіндік береді. Енді бір спортшыны қамтамасыз етуге жылына орта есеппен 415 мың теңге бөлінеді. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш шамамен 233 мың теңгені құрайды.
Жалпы, 526 БЖСМ-де 398 342 спортшы жаттығады, олардың жасы 5 жастан басталады.

