Caspianlife, 16 наурыз. Атырауда өңірдегі ең ірі жобалардың бірі – 12 мың көрерменге арналған заманауи стадион құрылысы басталды. Бұл жоба аймақтың спорттық инфрақұрылымын дамытуға және бұқаралық спортты қолдауға бағытталған.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мәліметінше, нысан шамамен 10 гектар аумақты қамтитын Атырау-2 шағынауданында орналасады. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. Құрылыс алаңын тегістеу, техниканы жұмылдыру секілді дайындық жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысы Мемлекет басшысының өңірге жұмыс сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Дархан Тілепбергеннің айтуынша, стадион UEFA IV санатына сай болады. Бұл онда халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.
– Кешеннің негізгі бөлігі халықаралық стандарттарға сай 105×68 метрлік футбол алаңы болады. Трибуналар үстіндегі жабынның ең биік нүктесі 28 метрге жетеді. Сонымен қатар стадионда халықаралық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған орындар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 200 орын қарастырылған. Трибуналардың астында спортшылар мен келушілерге арналған функционалдық аймақтар орналастырылады. Оның ішінде бокс, күрес, йога, велоспорт, теннис және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар болады. Стадион құрылымы тек футбол матчтарын ғана емес, регби мен америкалық футбол жарыстарын өткізуге де мүмкіндік береді, – деді Дархан Тілепберген.
Жобаны іске асыру мерзімі – 18 ай. Құрылыс жұмыстары 2027 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

