Caspianlife, 19 ақпан. Қазақстан спорты үшін айтулы жаңалық тіркелді. Мәнерлеп сырғанаудан қазақстандық спортшы Михаил Шайдоров Италияда өткен 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында ел қоржынына алтын медаль салды.
Бұл жеңіс – Қазақстан мәнерлеп сырғанауы тарихындағы ерекше әрі көптен күткен жетістік. Олимпиада мұз айдынында өнер көрсеткен қазақстандық спортшы күрделі бағдарламасымен көпшілікті таңғалдырды. Михаил Шайдоров әдеттегі төрт квадпен шектелмей, бірден бес квад орындап, үлкен тәуекелге барды. Оның батыл қадамы өз нәтижесін беріп, спортшы 291,58 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты. Бұл жеңіс оңай келген жоқ. Бәсекелестік өте жоғары деңгейде өтті. Мұз айдынында Италия, Франция және Жапония елдерінің мықты спортшылары бақ сынады. Ал негізгі қарсыластардың бірі – көптен бері бәсекелес болып келе жатқан америкалық мәнерлеп сырғанаушы Илья Малинин болды. Қатаң бәсекеге қарамастан, Шайдоров өзінің шеберлігі мен табандылығының арқасында тарихи жеңіске қол жеткізді.
Бұл сәт қазақстандық жанкүйерлерге марқұм мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарындағы жарқын өнерін еске салды. Сол кезде Денис Тен қысқа бағдарламадан кейін сегізінші орында болғанына қарамастан, еркін бағдарламада керемет өнер көрсетіп, үшінші орынға көтерілген еді. Бұл оның қайсарлығы мен ерік-жігерін дәлелдеген тарихи жетістіктердің бірі болып қалды. Айта кетерлігі, Михаил Шайдоров кезінде Денис Тен туралы түсірілген деректі фильмге де қатысқан. Архивтік бейнематериалдардан болашақ чемпионның бала кезін көруге болады. Сұхбаттарының бірінде Михаил Шайдоров атақты спортшы Денис Теннің оған үлкен шабыт бергенін айтқан. Оның айтуынша, мәнерлеп сырғанауды өмірлік жол ретінде таңдауға тек әкесі ғана емес, сонымен бірге Денис Теннің жетістіктері де зор әсер еткен. Михаил Шайдоровтың бұл жеңісі – тек спорттағы жетістік қана емес. Бұл – ел тарихында ерекше орын алатын, күллі қазақ халқына үміт пен сенім сыйлаған тарихи жеңіс.
Әлия Әділгерейқызы , №35 Х.Ерғалиев атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы

