Жобаның жаңа бөлімінде қатысушыларды мыңжылдық тарихы бар киелі шаһар – Түркістан қаласы қарсы алды. Ерекше атмосфераға толы бұл қала жас әншілер үшін тек шығармашылық алаң ғана емес, рухани әрі мәдени саяхаттың орталығына айналды. Бағдарламаға қатысқан сегіз жас орындаушы Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи мекендерді аралап, қазақ халқының мәдениеті, дәстүрі мен табиғатынан шабыт алуға мүмкіндік алды.
Жоба жоспарына сәйкес қатысушылар алдымен көне Отырар қалашығының тарихи орындарын аралап, Ұлы Жібек жолының тағдыры мен өркениеттер тоғысқан кезеңдері туралы тың мәліметтермен танысты. Бұл сапар жас өнерпаздарға тарихтың тереңдігін сезінуге және сол рухты шығармашылықтарына енгізуге жол ашты. Сонымен қатар қатысушылар қазақтың ұлттық мәдениетімен жақынырақ танысу мақсатында дәстүрлі тағамдардың дайындалу жолдарын көріп, домбыраның қоңыр үнімен сусындады. Қазақтың ұлттық аспабы – домбыра арқылы халықтың рухы мен өнерінің тереңдігі көрсетіліп, шетелдік қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.
Жоба барысында табиғаттың сұлулығына да ерекше мән берілді. Әншілер күнбағыс алқаптарының арасында болып, қазақ даласының кеңдігі мен табиғи көркемдігін сезініп, жаңа шығармашылық идеяларға шабыт жинады. Мұндай ерекше локациялар бағдарламаның көркемдік мазмұнын арттырып қана қоймай, Қазақстанның туристік әлеуетін де көрсетуге бағытталған. Жобаның продюсері Димаш Құдайберген әрбір қатысушыға жеке көңіл бөліп, кәсіби шеберліктің қыр-сырымен бөлісті. Оның тәжірибесі мен кеңестері жас орындаушылардың вокалдық қабілетін дамытуға және сахна мәдениетін жетілдіруге үлкен ықпал етті.
«Voice Beyond Horizon» жобасы – Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жарқын үлгілерінің бірі. Бұл бағдарлама арқылы Қазақстанның мәдени мұрасы, ұлттық дәстүрлері мен табиғи байлығы халықаралық аудиторияға кеңінен таныстырылуда. Сонымен қатар жоба еліміздің туризм саласын дамытуға және қазақ өнерінің әлемдік кеңістікте танылуына маңызды үлес қосады. Осылайша, Димаш Құдайбергеннің бастамасымен жүзеге асқан бұл жоба Қазақстан шоу-бизнесінің халықаралық деңгейге шығуына тағы бір қадам жасап, ұлттық мәдениеттің әлемдік сахнада жарқырауына мүмкіндік беріп отыр.